Оқиғадан бір адам із-түзсіз жоғалып кетті
Швейцария мұздық опырылып, Блаттен ауылын толықтай дерлік жермен-жексен етті. Жергілікті тұрғындар 28 мамырда мұздықтың опырылып құлауынан кейінгі ауыр жағдайдан ес жиып жатыр. Табиғи апат елді мекеннің шамамен 90 пайызын басып қалған. Ғалымдардың бағалауынша, бұл оқиға Альпі аймағындағы климаттың өзгеруінің салдары болуы мүмкін. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мұз, тас және лайдан тұратын жойқын сел 28 мамыр күні таудан төмен қарай ағып, ауылдың басым бөлігін жауып тастады. 300-ге жуық тұрғын апатқа дейін, ай басында эвакуацияланған. Бұл шара Бирх мұздығының айналасындағы жартас құрылымдары бұзыла бастағаннан кейін қабылданған.
Қазіргі уақытта құтқару топтары іздестіру иттері мен жылу дрондарын пайдалана отырып, 64 жастағы ер адамды іздеуді жалғастыруда. Алайда әзірге нәтиже жоқ. 29 мамыр күні жергілікті полиция іздеу жұмысын уақытша тоқтатты, өйткені үйінділер әлі де құлауы мүмкін. Жағдайды Швейцария армиясы жіті бақылауда ұстап отыр.
«Кеше мен бәрінен айырылдым. Сіздер мені түсінеді деп үміттенемін», — дейді аты-жөнін атаудан бас тартқан Блаттен тұрғыны. Ол көрші Вилер ауылындағы шіркеу алдында жалғыз өзі отырғанын Reuters тілшілері көрген.
Вернер Белльвальд есімді 65 жастағы мәдениеттанушы Блаттенге жақын орналасқан Рид ауылындағы ата-бабасынан қалған 1654 жылы салынған ағаш үйінен айырылды — бұл ауыл да селдің астында қалған.
«Мына жағдайдан кейін бұл жерде бұрын елді мекен болған деп ойлаумүмкін емес. Мұндай жағдай болады деп ешқайсымыз ойлаған жоқпыз», — дейді ол.
Кейбір сарапшылар су тасқыны қаупі туралы ескертіп отыр. Ені екі шақырымға жуық үйінділер Лонца өзенінің арнасын жауып, оның орнына үлкен көл пайда болған.
«Лонца өзенінің суы аңғармен ағып өте алмай жатыр, өйткені оның жолын үлкен бөгет жауып тастады», — деп мәлімдеді геолог Рафаэль Майорац Швейцарияның SRF ұлттық арнасына. Ол төменгі жатқан ауылдарды су басу қаупі бар екенін ескертті.
Цюрих университетінің экология және климат профессоры Кристиан Хуггельдің айтуынша, бөгет кесірінен күніне 1 миллион текше метрге дейін су жиналуда.
Армия су сорғыштар, экскаваторлар және басқа да ауыр техниканы дайын күйде ұстап отыр, олар қауіпсіз болған сәтте бірден іске қосады.
Бұл апат Альпі тауларындағы мәңгі тоң қабатының еруі, яғни климаттың жылынуымен байланысты қауіптерді қайтадан алдыңғы қатарға шығарды. Бұрын бұл тоң құм мен тастарды ұстап тұрған, енді ол опырылу мен көшкіндердің жаңа қаупін тудыруда.
Швейцария мұздықтарды бақылау қызметінің (GLAMOS) басшысы Маттиас Хусс климаттың өзгеруі мәңгі тоң қабатындағы жартас құрылымдарын әлсіретіп, апатқа себеп болуы мүмкін екенін айтты.
«Біз жүздеген жыл бойы ешқандай өзгеріс болмаған орында күтпеген оқиғаларды көріп отырмыз, бұл, ең алдымен, климаттың өзгеруінің нәтижесі», — деді ол.