Олардың арасында бір бала мүгедек болып қалған
Қарағандыда бірнеше жыл бойы асыранды балаларды азаптаған отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Кезекті отырыста жәбірленген балалар өз бастарынан өткен қорлықтарды айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КТК телеканалының мәліметінше, балалар қара жұмысқа – қора тазалауға, үй шаруасына мәжбүрленген. Тамақтан да тарыққан. Бір бала тек макарон мен фасоль жегенін, ал кейде сиыр жапасын да жегізгенін айтты. Жаңа киім де болмаған: бес жылда тек екі резеңке етік пен бір спорт аяқ киім алған.
Жәбір көрген бір баланы оқтаумен ұрып, есінен тандырған, жансақтау бөлімінен бірақ шыққан. Қазір оның басында пластина орнатылған. Бұл оқиға кезінде оған «әткеншектен құлап түстім» деп айту тапсырылған.
Үй иелері асыранды балаларға өз туған балалары мен әйелін «ханзада», «ханым» деп атауға бұйырған. Бұл психологиялық қысым балалардың еркіндігіне шектеу қойған.
Сарапшылар балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін жарақат іздерін анықтаған. Көпшілігі – ескі, жазылып кеткен тыртықтар. Бұл ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде таяқ жегенін дәлелдейді.
Балалар мектепте мұғалімдерге көріп жүрген қорлығын жеткізген. Алайда, ешқандай ересек адам елең етпеген. Қылмыстық іс тек кейін қозғалған.
Сот отырыстары барысында қалған балалардан да жауап алынады. Іс қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Балалар құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты жауапты органдардың әрекетсіздігі де сынға ілінуде.