Ақтөбеде ер адамнан 2 млн теңге бопсалаған бойжеткен алаяққа алданып қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол 404 мың теңге тұратын телефонынан айырылып қалды

Фото: freepik.com

Ақтөбеде 19 жастағы бойжеткен өзі бопсалау ісі бойынша күдікті бола тұра, «сот арқылы көмектесемін» деген ер адамға iPhone телефонын беріп, кейін өзі де алаяқтың құрбанына айналды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Жасөспірім» ретінде танысып, 2 млн теңге бопсалаған

19 жастағы ақтөбелік бойжеткен әлеуметтік желіде ер адаммен танысып, өзін жасөспірім ретінде таныстырып, артынша оны «жасөспіріммен интимдік байланыс үшін жауапкершілікке тартыласың» деп қорқытып, 2 миллион теңге талап еткен.

«Жәбірленуші» полицияға шағымданып, қыз бен оның екі серіктесіне қатысты бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін олар бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Алаяқ iPhone үшін «сотта көмектесемін» деген

Іс тергеліп жатқан уақытта қыздың сыбайласы арқылы оған «сотта жеңілдік жасап беремін» деп уәде берген ер адам хабарласқан. Ол алғыс ретінде iPhone 14 смартфонын сұраған.

Қыз жазадан қашқысы келіп, телефонды курьер арқылы жіберген. Алайда біраз уақыттан соң уәденің орындалмайтынын түсініп, өзі де полицияға шағым түсірген.

Алаяқ бұрын да сотталған, тағы да сотталды

Жәбірленушіге тиесілі ұялы телефонның құнын – 404 мың теңге, сондай-ақ заңгерлік қызметке кеткен шығынды өтеуді талап етті. Тергеу барысында ер адам кінәсін толық мойындап, бұрын алаяқтық үшін сотталғаны анықталды.

Сот оған:

  • 1 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады;
  • Зардап шегушіге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.

Сотта ер адам баласы бар екенін және әйелі жүкті екенін айтып, жазаны жеңілдетуді сұрағанымен, сот шешімі заң шеңберінде қабылданды.