Ақтау тұрғыны көлік, телефон, ақша ойнатамын деп сотты болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол Instagram-да заңсыз ұтыс ұйымдастырғаны үшін 825 мың теңге айыппұл төледі

Фото: istockphoto.com

Ақтау қаласының тұрғыны Instagram парақшасында өзінің «Бизнес нөлден» атты онлайн курсын сатқан. Сонымен қатар, ол телефон, ақша және автокөлік ұтысына қатысу мүмкіндігін жариялаған. Осы ісі үшін ол сотты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот: бұл – заңсыз лотерея

Маңғыстау облыстық мамандандырылған әкімшілік сотының мәліметінше, азамат лотерея операторы мәртебесіне ие болмағанына қарамастан, 2025 жылғы 16 қаңтарда Instagram желісінде ұтыс ойынын жариялап, азаматтардан ақша қабылдаған. Осылайша, ҚР «Лотерея және лотерея қызметі туралы» заңын бұзған.

Соттың шешімі шықты

Сот отырысында Instagram парақшасынан алынған скриншоттар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамажәне басқа да материалдар дәлел ретінде қарастырылды.

Жауапкердің бұл құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерілді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде, азамат ҚР ӘҚБтК 445-1-бабы 6-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, 825 720 теңге көлемінде айыппұл салынды. Шешім заңды күшіне енді.

Назар аударыңыз: заңсыз лотереяның айыппұлдары

ҚР ӘҚБтК 445-1-бабы 6-бөлігіне сәйкес, лотерея операторы емес тұлғаның ұтыс ұйымдастыруы мынадай айыппұлдарға әкеледі:

  • жеке тұлғалар үшін – 100 АЕК (393 200 теңге);
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері – 300 АЕК (1 179 600 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілері – 500 АЕК (1 966 000 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілері – 1000 АЕК (3 932 000 теңге).