Алаяқтар өзін «электр компаниясының қызметкері» деп таныстырған
Көкшетау қаласының тұрғыны телефон алаяқтығының құрбаны болды. Оған белгісіз біреу электр энергиясымен жабдықтаушы компания қызметкері болып қоңырау шалып, есептегіш құралын тексеру үшін SMS кодын айтуын сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көп ұзамай жәбірленушіге өзін мемлекеттік орган өкілдері ретінде таныстырған адамдар қайта қоңырау шалып, оның атына заңсыз несие рәсімделіп жатқанын айтып, үрей тудырған.
«Қылмыстың алдын алу үшін несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аудару қажет», — деп сендірген олар.
Азамат екі күн ішінде бірнеше банктен несие рәсімдеп, барлығы 15 банктік аударым жасаған. Жалпы залал – 5 миллион теңгеден астам.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.