Іріктеу ойындарында барлығы 13 команда бақ сынады
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы дәстүрлі «AMANAT-AQYLMAN» интеллектуалды ойындарын өткізуде. Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған зияткерлер жарысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі белесіне арналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша, жобаның іріктеу ойындары Сайрам ауданында өтті. Құтарыс елді мекенінде ұйымдастырылған іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмұрадов, облыстық партия филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман және «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының төрағасы Қуаныш Сыздықов қатысты.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бұл – жай ғана жарыс емес, жастарды, зиялы қауымды, еңбек адамын ортақ мақсат төңірегінде топтастыратын рухани алаң екенін атап өтті.
«Сайыстың мәні – тек дұрыс жауап беру емес. Бұл – ортақ пікір, орамды ой, мәдени қарым-қатынас, ұлттық таным мен заманауи көзқарастың тоғысуы. Биыл елімізде жұмысшы мамандық иелерінің ерен еңбегіне ерекше назар аударылуда. Бұл – еңбек адамына, өз ісінің нағыз маманына деген зор құрметтің белгісі. Ал осы ойындар арқылы біз зерделі, білімді азаматтарды ұлықтау ісіне үлес қосып келеміз», – деді Алтынсары Үмбетәлиев.
Іріктеу ойындарында барлығы 13 команда бақ сынады. Сайысқа депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, мектеп және колледж ұстаздары, азаматтық ұйым белсенділері, этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Төрт кезеңнен тұратын сайыста командалар логикалық сауалдарға жауап беру, ұтқыр жауап нұсқаларын ұсыну, фотосауалдарды шешу, кино және музыка тақырыбына арналған сауалдарға жауап беру бойынша өзара мықты командаларды анықтады.
Нәтижесінде, 3-орынды «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы жеңіп алса, 2-орынға №31 Бәйдібек атындағы жалпы орта мектебінің командасы мен №33 Шойынбаев атындағы жалпы орта мектебінің «BI-CLASS» командасы лайық деп танылды. Үздік ойын көрсеткен «Сайрам аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің командасы жарыс жеңімпазы атанып, облыстық байқауға жолдама алды.