«Сүлеймен Сұлтанды» сомдаған әйгілі актер сотталып кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол жалған куәлік бергені үшін бас бостандығынан айырылды

Фото: @halitergencfanclub

Түркияның тарихи «Сүлеймен Сұлтан» телехикаясында басты кейіпкердің рөлін сомдаған актер Халит Ергенч жалған куәлік бергені үшін шартты түрде 1 жыл 10 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Anadolu басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бастапқыда сот Ергенчке 2 жыл 3 ай мерзім тағайындаған. Алайда сот процесі кезінде оның әдепті әрі құрметті мінез-құлқы ескеріліп, жаза жеңілдетілді. Дәл осындай үкім актер Рыза Коджаоғлуға да шығарылған.

Іс Гези саябағындағы наразылықтарға байланысты

Аталған іс 2013 жылы Ыстанбұлда өткен Гези саябағындағы жаппай наразылықтарға байланысты қозғалған. Бұл қозғалыс алғашында жасыл желектерді қорғау мақсатында басталып, кейін ауқымды үкіметке қарсы толқуларға ұласқан болатын.

Бастапқыда Ергенч іске куәгер ретінде тартылса, кейіннен жалған ақпарат бергені үшін күдікке ілінді. Тергеу мәліметтері бойынша, актердің берген жауаптары телефон қоңырауларының техникалық деректерімен және оның іс бойынша негізгі фигуранттардың бірі – актер әрі белсенді Мемет Али Алободымен бірге түскен фотосуреттерімен сәйкес келмеген.

Прокуратура 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Актердің соттағы жауабы

Сот отырысында Халит Ергенч өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Ол берген жауаптарының тек соттың қойған сұрақтарына негізделгенін және ешқандай фактілерді бұрмалауға тырыспағанын айтты.

«Мен бұл іске қатысты адамдармен тек үстірт таныс болғанмын, ешқандай жақын қарым-қатынаста болған емеспін», — деді Ергенч.

Ол сондай-ақ қоғамда теріс пікір туғызған жалған фотосуреттер жарияланған соң, сол кезде сотқа шағым түсірмегеніне өкініш білдірді.