Бұрынғы жігіті оны балтамен ұрып өлтірмек болған
Әлеуметтік желіде 1 миллионнан астам оқырманы бар танымал блогер Ақбота Нұрақын 19 жасында бастан кешкен ауыр оқиғаларын айтып, елді алаңдатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық блогер Бота MIA «Taboo» тележобасына қатысып, бұрынғы жігітінен көрген психологиялық және физикалық зорлық туралы ашық айтты. Оның сөзінше, 19 жасында өміріне қауіп төнген жағдайды бастан өткерген.
Блогердің айтуынша, бірде ол Талғар қаласында би сабағынан шыққан сәтінде бұрынғы сүйіктісі қара көлікпен келіп, балтамен қорқытып, күштеп көлікке отырғызған.
«Сол кезде өлуге дайын болдым. Досы араға түсіп, аман алып қалды. Ол өзенге апармақ болды», – дейді Ақбота.
Бұрынғы жігіті одан кешірім сұрап, қайта-қайта мазалап келген. Бір жолы ГАИ қызметкері келіп, оны алып кеткен соң ғана тынышталған. Бұл оқиғадан кейін Ақбота ұзақ уақыт бойы ер адамдарға сенуден қалғанын айтады.
Ақбота бұл жағдайды отбасындағы махаббаттың жетіспеушілігімен байланыстырды.
«Ата-анамның қарым-қатынасы да жақсы болмады. Махаббат көрмей өстім»,– дейді блогер.
Естеріңізге сала кетсек, блогер осы сұхбатында отбасына қатысты көзқарасын да бөлісті. Ол болашақ жарына алғаш танысқан сәтте-ақ ата-енесімен бірге тұрмайтынын ашық айтқанын жеткізді.