Украина мен Ресей өзара тұтқындармен алмасты

Автор: Мөлдір Қазыбай

«1000 адамға – 1000 адам» форматы бойынша келісім жүзеге асуда

Фото: BBC

Украина мен Ресей арасында тұтқындармен кезекті алмасу жүзеге асты. Бұл келісім Ыстанбұлда өткен келіссөздер барысында «1000 адамға – 1000 адам» форматы бойынша қабылданған болатын. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Украинаға 307 әскери оралды

Украина президенті Владимир Зеленский бұл алмасу аясында 307 украин сарбазының елге оралғанын хабарлады. Бұл – соғыс басталғалы бері жүзеге асырылып жатқан ең ауқымды тұтқын алмасудың екінші кезеңі. Бірінші кезеңде Украинаға 390 адам (270 әскери және 120 бейбіт тұрғын) қайтарылған болатын.

Оралғандардың арасында кімдер бар?

Бұл жолғы алмасуда Украина мен Ресей әрқайсысы 307 әскери қызметкерді қайтарды. Украина жағына оралғандардың қатарында:

  • Қарулы Күштер сарбаздары,
  • Десанттық-шабуылдау күштері,
  • Ұшқышсыз әуе аппараттарын басқаратын бөлімдер,
  • Әскери-теңіз күштері,
  • Территориялық қорғаныс күштері,
  • Шекарашылар мен Ұлттық гвардия жауынгерлері бар.

Олар Донецк, Херсон, Харьков, Запорожье және Луганск бағыттарында соғыс қимылдарына қатысқан.

Ыстанбұл келіссөзі: алғашқы нақты нәтиже

Украина президенті Зеленский 22 мамырда өзінің Telegram-арнасында:

«1000 азаматымызды ресейлік тұтқыннан босату туралы келісім – Түркиядағы кездесу нәтижесінде қол жеткізілген нақты әрі жалғыз нәтиже болды», — деп жазды.

Бұл келісім 2022 жылдан бері алғаш рет өткен тікелей келіссөздердің нәтижесі болды. Кездесу 16 мамырда Ыстанбұлда өтіп, екі сағатқа созылған.

Қай делегациялар қатысты?

  • Ресей жағынан делегацияны президент көмекшісі Владимир Мединский басқарды.
  • Украина жағынан — елдің Қорғаныс министрі Рүстем Умеров қатысты.