Ол 2022 жылдың 31 қаңтарынан бастап мегаполиске басшылық етті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамырда Ерболат Досаевты Алматы қаласының әкімі қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда ресми хабар таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда таратқан мәліметте.
Досаев 2022 жылдың 31 қаңтарынан бастап мегаполиске басшылық еткен болатын.
Бұған дейін, 23 мамырда Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаттарының отырысы өтетіні белгілі болды. Жиынның күн тәртібінде – қала әкімі қызметіне жаңа кандидатураға келісім беру мәселесі тұрған.
Ол 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында туған. 1987 жылы Алматы қаласының О.Жәутіков атындағы Республикалық физико-математикалық Мектеп-Интернатын бітірді. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірді.
Ол әр жылдары экономика, қаржы және денсаулық сақтау министрі болған. 2019–2022 жылдары Ұлттық банкті басқарды. 2022 жылдан бастап Алматы қаласының әкімі болды.
Қазіргі таңда қала басшысы лауазымына нақты кім тағайындалатыны белгісіз. Бұл шешімді Президенттің ұсынысымен мәслихат депутаттары мақұлдауға тиіс. Алматы тұрғындары мен сарапшылар бұл тағайындауды елдегі ең маңызды кадрлық шешімдердің бірі ретінде қарастырып отыр.
Алматы – елдің ірі мегаполисі әрі экономикалық орталығы. Бұл лауазымға кім келсе де, оның алдында үлкен міндеттер мен жауапкершілік тұр.