"Әкем анама береді": Тойда кішкентай қыз ата-анасының сырын ашып қойды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Әлеуметтік желіде тойда болған қызықты оқиғаның видеосы таралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фото: pixabay

Әкесіне жақын қыз

Тойда ән айтқан кішкентай қызға қонақтар сыйлық жасап, бір уыс ақша жинап берген. Асаба жас өнерпаздан бұл ақшаны қайда жұмсайтынын сұраған кезде, ойланбастан «Әкеме беремін» деп жауап береді.

Бұл жауапқа риза болса керек, асаба жігіт «Қыз деген әкеге жақын болады, көрдіңіздер ме, әкесін ойлап тұр» деп баланың шешімін қолдай кетеді. Одан әрі «Әкең ол ақшаны не істейді?» деп сұрағанда «Анама береді» деп балақай жұртты ду күлдіреді.

Желі қолданушылары балақай үйдегі сырды жұртқа айтып қойды деп қалжыңдап жатыр.

«Балалы үйдің ұрлығы жатпайды. Рас, балапан дұрыс айтады. Екеуін де ренжітпеді. Әдемі көрініс», - деп жазды олар.

Сыйлықсыз қалған келін 

Еске сала кетейік, бұған дейін тойшыл қауым келініне сақинасын сыйлауға «қимаған» әженің тапқырлығына тәнті болған еді.

Асаба «апам ескі сақинаны бір келіннің қолына тағамын, екіншісі қапа болмай ма деп жатыр. Қапа болмайсыңдар ма? деп сұрайды. Келіндер не айтарын білмей, тосылып тұрғанда, асаба «апа, онда сұрақ қояйық, қайсысы дұрыс жауап берсе, соған берейік» дейді. «Енеңнің жақсы көретін тамағы қандай тамақ?» деген сұраққа бірі, «бешбармақ», екіншісі кеспе көже деп жауап береді. Ал апаның өзінен сұрағанда «шашлық» деп, жұртты күлкіге қарық қылады.