«Көршінің дауысы естіледі»: Алматы тұрғыны пәтер құнын қайтарып алды
Пәтердің қабырғалары жарылып кетіп, көршілердің дауысы қатты естілген

Алматы тұрғыны сапасыз салынған пәтердің ақшасын тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті арқылы қайтарып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Пәтердің қабырғасы жарылған
Тұтынушының айтуынша пәтер қабырғалары жарылып кеткен. Үй суық болған. Оған қоса, көршілердің дауысы қатты естілген. Содан ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз түсіріп, баспана сатып алуға жұмсаған 25,9 млн теңгесін қайтарып алды.
Ал Астанада премиум санатындағы автокөлік сатып алған азамат басқару жүйесіндегі ақауға шағым түсірген. Ол сатушыдан 45,8 млн теңге өндірді.
"Ақауы бар автокөлікке қатысты 21 іс қозғалып, 338,2 млн теңге қаражат қайтарылды", - деп жазылған хабарламада.
Төрт айда қанша теңге қайтарылды
Сонымен қатар Павлодар облысында үш тұтынушыға 53,8 млн теңге, Қызылорда облысында техникалық талаптарға сай келмеген ойын жабдықтарын сатып алған тұтынушыға 6,4 млн теңге қайтарылды.
Жалпы, 2025 жылы қаңтар-сәуір айларында тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттері азаматтардың құқықтарын жалпы сомасы 690,5 млн теңгеге қорғады.