Жамбыл облысында бақташы 14,5 млн теңгені құмар ойынға салып жіберген
Малшыға үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық соты өзіне сеніп тапсырылған малды жарты жыл бойы сатып, бар ақшаны құмар ойынға жұмсап жіберген бақташыға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Барлық ақшаны ұтылған
Тергеу барысында анықталғандай, 2018 жылы жауапкер С.-мен фермер А. арасында еңбек шарты жасалып, 63 бас ірі қара мен 423 бас қой малшыға тапсырылған.
Алайда 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қаңтарына дейін сенім мен бақылаудың жоқтығын пайдаланып, С., жасырын түрде 184 бас қой, 17 сиыр, 10 бұзауды базарда сатқан. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 14,5 миллион теңгеден асты. Малшы барлық ақшаны құмар ойындарға салып ұтылған.
Жәбірленуші кешірім берді
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жәбірленушіге келтірілген залалды толығымен өтегенін айтты. Мұны жәбірленушінің өзі растап, соттан С.-ны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
«Сот сотталушының өз кінәсін мойындағанын, өкінетінін және кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескеріп, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Сонымен қатар С. жыл сайын 100 сағаттық міндетті жұмысты орындауы керек», - делінген сот құжатында.
Үкім заңды күшіне енді.