Жүргізушілер Жұмабаев пен Айнакөл көшелерінің қиылысында төбелесті
Астанада екі көлік жүргізушісі арасында болған жанжал жұдырықтасуға ұласып, екеуі де 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Жұмабаев пен Айнакөл көшелерінің қиылысында болған. Audi мен Chevrolet Cobalt көліктерінің жүргізушілері жолды бөлісе алмай, бір-біріне қол жұмсаған.
Полиция әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде төбелеске қатысты бейнежазбаны анықтап, құқық бұзушыларды жедел түрде ұстаған. Оларға қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Сот әр жүргізушіге 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Бұл шешім жолдағы тәртіп бұзушылық пен қоғамдық орындардағы агрессияның алдын алу мақсатында қабылданған.
Құқық қорғау органдары жол қозғалысына қатысушыларды сабырлы болуға және дау-дамайға бой алдырмауға шақырады. Әрбір әрекет – заңмен бағаланады.