Ол 11 жылға сотталды
Қазақстанда заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан күрес жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдағы жемқорлыққа қарсы іс-шараларын күшейтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соның аясында Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кезекті үкімін шығарды.
Сот үкіміне сәйкес, Алматы қаласының тұрғыны Е. Байқожа "Чапаев – Жаңақала – Сайхин" автожолын күрделі жөндеу туралы келісімшарт бойынша шарт сомасының 30%-ын алдын ала төлеуді ұйымдастыру сылтауымен облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларына әсер ете алатынын айтып, кәсіпкерден 50 млн теңге алған.
Ол алаяқтық жасағаны және кәсіпкерді пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазым иесі болуға өмір бойына тыйым салынды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енбеген. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шықпағанша, азамат кінәсіз деп есептеледі.