АҚШ-тың экс-президентінен қатерлі ісік анықталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Байденнің денсаулығына қатысты жаңалық АҚШ саясаткерлерін алаңдатты

© AP Photo / Alex Brandon

АҚШ-тың экс-президенті Джо Байденнен агрессивті түрдегі простата обыры (қатерлі ісік) анықталғаны туралы хабар көпшілікті алаңдатты. Бұл жаңалыққа байланысты бұрынғы және қазіргі жоғары лауазымды тұлғалар қолдау мен тілек білдіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Трамп пен Мелания Байденге ізгі тілек жолдады

Дональд Трамп жұбайы Мелания Трамппен бірге Байденге және оның отбасына қолдау білдірді. Truth Social әлеуметтік желісінде жазба жариялады.

«Мелания және мен Джо Байденге қойылған медициналық диагноз туралы жаңалықты қайғыра қабылдадық. Біз Джилл мен оның отбасына жылы лебізімізді білдіреміз және Джоға тез сауығып кетуін тілейміз», – деп жазды.

Барак Обама Байденнің қайсарлығына сенім білдірді

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама да X әлеуметтік желісінде жазба қалдырып, Байденнің бұл ауыр дертпен табандылық пен сабырлықпен күресе алатынына сенім білдірді.

«Джо барлық қатерлі ісік түрлеріне қарсы тиімді емдеу жолдарын іздеуде зор үлес қосты. Мен оның бұл сынақпен өзіне тән қайсарлықпен күресетініне сенімдімін. Біз Мишель екеуміз Байден отбасы үшін дұға етеміз», – деді Обама.

Камала Харрис: «Джо – күрескер»

2024 жылғы президенттік сайлауда Демократиялық партиядан кандидат ретінде ұсынылған, бұрынғы вице-президент Камала Харрис те өз пікірін білдірді.

«Джо – күрескер. Мен оның бұл қиындыққа өмір бойы оны айқындап келген күш-жігер, төзімділік және оптимизммен қарсы тұратынын білемін. Біз оның толық және тезірек сауығып кетуін тілейміз», – деп жазды X парақшасында.