Ол домбырамен әлемді аралап жүр
Қазақстандық альпинист Қайырбек Әлібек Конституцияның 30 жылдығына орай елдің Ата заңын Гималайдағы Айленд Пик (6180 м) шыңына жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл «Домбыра әлем шыңдарында» жобасы аясында жүзеге асты. Жоба – Қазақстан мәдениетін, соның ішінде домбыра музыкасын әлемге танытуды көздейді.
Экспедиция 15 күнге созылып, альпинистің бастамасымен ұйымдастырылған. Қайырбек Әлібек бұл жолы шыңға ел бірлігінің, құқық пен бостандықтың символы – Конституциямен бірге көтерілді. Ол осы бастамасын Қазақстан Конституциялық Сотына жолдаған, ал сот ресми мәтінді ұсынуға келісім берген.
«Конституция – заңдардың шыңы. Бұл тек құқықтық құжат емес, ол – рухани тірек, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің белгісі. Мен үшін бұл экспедиция патриоттық парызымды орындаудың бір жолы болды», – деді альпинист.
Айленд Пикке жеткен альпинист экспедиция барысында қазақтың атақты күйшісі Нұрғиса Тілендиевтің күйін орындады. Бұл – композитордың 100 жылдығына арналған құрметтің белгісі. Эверест етегінде және Непал ауылдарында орындалған домбыра күйлері жергілікті халықтың ықыласын оятты.
Бұл жоба «7 шың – 7 ел – 1 домбыра» бастамасының бөлігі. Мақсаты – қазақтың ұлттық аспабы домбыраны Гиннестің рекордтар кітабына ең биік музыкалық аспап ретінде тіркеу. Қайырбек Әлібек бұл идеяны қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған мәдени дипломатияның құралы деп есептейді.
Естеріңізге сала кетсек, жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай альпинистер Килиманджаро шыңына көтерілген еді.