Ақмола облысында немересін перзентханадан алып шыққан ата қылмыс жасаған
Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді

Ақмола облысында немересінің туғанын тойлаған ата мас күйде көлік жүргізіп бара жатқан жерінен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ОҚИҒА ҚАШАН БОЛДЫ
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 2025 жылғы 14 мамыр күні сағат 18:00 шамасында «Көкшетау-Атбасар» автожолының 26-шақырымында жолда күдік тудырған «Chevrolet Cruze» маркалы автокөлікті тоқтатқан.
Күдік орынды болып шықты: полицейлер жүргізушінің мас күйде екеніне бірден күмән келтірген, ал бұл күмән медициналық куәландыру нәтижесінде расталды. Ер адам орта дәрежедегі мас күйде болған.
ОҒАН ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Оның айтуынша, ол перзентханадан шыққан немересін қарсы алып, үйіне қайтып бара жатқан.
«Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ер адам 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін, мұны болдырмауға болатын еді, егер ол мас күйде көлікке отырмағанында.
Айта кету керек, «Қауіпсіз жол» акциясының 26 күні ішінде полицейлер көлік жүргізу кезінде мас күйде болған 171 жүргізушіні анықтады», - делінген облыстық ПД хабарламасында.