Алматы облысының тұрғыны жер аламын деп 13 млн теңгесін алаяққа беріп қойған
Күдікті қазір қолға түсіп, қамауға алынды
Алматы облысында ауыл тұрғынын алдап, 13 млн теңгесін алып кеткен 31 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеудің басталуына Исаев ауылының тұрғынының арызы себеп болды. Жәбірленушінің айтуынша, осы жылдың сәуір айында ол белгісіз адамға 13 миллион теңге көлемінде ақша берген. Күдікті өзін жер телімін сатушы ретінде таныстырып, учаскені рәсімдеп беремін деп уәде еткен, алайда кейін хабарсыз кеткен.
«Күдіктіге қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады облыстық полиция.
Жүргізілген талдау көрсеткендей, жылжымайтын мүлікті сату сылтауымен жасалатын мұндай алаяқтық – кең таралған қылмыс түрлерінің бірі. Полиция тарапынан ауқымды алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, азаматтар әлі де осындай айла-шарғылардың құрбаны болып отыр.
«Полиция азаматтарды қырағы болуға, құжаттарды мұқият тексеруге және заңды кепілдіксіз бейтаныс адамдарға қомақты ақша беруден бас тартуға шақырады», – деп толықтырды ведомство өкілдері.