Алматыда есірткі дайындайтын жасырын зертхана жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Есірткіні мессенджерлер арқылы сатқан  

Фото: ҚР ҰҚК

ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша Департаменті синтетикалық есірткілерді дайындайтын жасырын зертхана жұмысының жолын кесті, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 2019 жылдың 24 қазанында жедел-іздестіру шаралары кезінде Алматы қаласының тұрғыны ұсталды.

Зертханадан 2 келіге жуық синтетикалық есірткілер (балама түрде 2 мың дозаға жуық) және 526 литр прекурсорлар алынып, олар сот-химиялық сараптамаға жіберілді.

Дайын психотропты заттарды сату Telegram және VIPole мессенджерлеріндегі интернет-дүкендері арқылы жүзеге асырылған.

Ұсталған «А» есімді азаматтың тұрғылықты жері бойынша сондай-ақ, есірткі сататын ірі ғаламтор-дүкендерінің бірі «Алтын Орданың» логотипі бар визит карточкасы мен тұтандырғыш табылды.

Аталған факті бойынша ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша Департаменті ҚК 297 бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам тергеу изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Іс-шаралар Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп жүзеге асырылды.