Біздің қаһарман жауынгерлеріміз асқан ерлік пен батылдық танытты – Тоқаев

Автор: Алмас Ерсін

Президенттің айтуынша отандастарымыздың қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегі ешқашан ұмытылмайды

Фото: istockphoto.com/Pavel Starikov

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент фашизмге қарсы сұрапыл соғыс халқымызға орасан зор қайғы-қасірет әкелгенін атап өтті.

«Біздің қаһарман жауынгерлеріміз асқан ерлік пен батылдық танытып, азаттық пен әділдік жолында аянбай күресті. Жүз мыңдаған сарбазымыз ұрыс даласында қаза тапты. Тылдағы жұрт та адам айтқысыз қиындыққа қарамастан тынымсыз тер төгіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Олар егіс алқабында, зауыттар мен фабрикаларда күн-түн демей жұмыс істеп, майданды қамтамасыз етті», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша отандастарымыздың қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Жанқиярлық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімі әрдайым ұлықталады. Ардагерлерге қамқорлық жасалып, қолдау білдіріледі.

«Қазақстанда Жеңіс күніне орай көптеген іс-шара өткізіліп жатыр. Еліміз бойынша бес жүзге жуық көшені қаһарман ерлеріміздің атымен атау туралы шешім қабылданды. Ауқымды әскери шеру өтті. Мұның бәрі зұлмат соғыстың зардабын халқымыз ешқашан жадынан шығармауы үшін қажет. Біз Жеңіс күнінде бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, достық пен тыныштықтың маңыздылығын терең түсінеміз. Осы мызғымас құндылықтар әрдайым халқымыздың әл-ауқатын арттырудың және Қазақстанды тұрақты дамытудың берік негізі болып қала береді», - толықтырды мемлекет басшысы.

Президент қадірлі ардагерлерімізге және барша отандасымызға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.