Әскери қызметшілер Бибігүл Төлегенованы Жеңіс күнімен құттықтады

Автор: Дәулет Ботагөз

Оған соғыс батыры Бауыржан Момышұлы туралы кітапты сыйға тартты

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласында Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстанның және Кеңес Одағының халық әртісі, опера сахнасының аңызы Бибігүл Төлегенованы әскери қызметшілер арнайы құттықтап барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бостандық ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы, полковник Арман Тұрғанбаев бастаған әскери қызметшілер Бибігүл Ахметқызына гүл шоқтарын және соғыс батыры Бауыржан Момышұлы туралы кітапты сыйға тартты.

«Сіз – қайсар рух пен өнерге адалдықтың жарқын үлгісісіз. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық шабыт тілейміз», – деді полковник Тұрғанбаев.

Бибігүл Төлегенова өз кезегінде әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, оларды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс мерекесімен құттықтады.

«Бүгінгі бейбіт өмір үшін біз Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және олардың отбасыларына мәңгі қарыздармыз. Сол жандардың ерен еңбегі мен жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайды. Қазақ еліне енді ешқашан соғыс көрмеуді тілеймін», – деді халық әртісі.

Бұл – ұрпақтар сабақтастығын және елге сіңірген еңбекті құрметтеудің жарқын көрінісі болды.