$ 546.36  630.44  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Зейнетақы қорындағы мұраға қалған жинақты қалай алуға болады

Мұраны мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап 6 ай ішінде алу керек

Зейнетақы қорындағы мұраға қалған жинақты қалай алуға болады
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шоты бар адам қайтыс болған жағдайда зейнетақы және мақсатты жинақтар мұра ретінде беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше мұрагерлік рәсімделмей тұрып, марқұмның отбасы мүшелері оның жинақтары есебінен жерлеуге арналған біржолғы төлемді алуға құқылы, бірақ мөлшері 94 АЕК-тен аспауға тиіс және шоттағы қалдықтан көп болмауы керек.

Егер жерлеу төлемінен кейін шотта ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз сома қалса, ол да жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.

«Қалған жинақтар заңнамаға сәйкес мұрагерлік жолмен беріледі. Айта кетері, мақсатты жинақтардан жерлеу төлемі қарастырылмаған», - делінген хабарламада.

Мұраны алу үшін мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап 6 ай ішінде марқұмның тұрғылықты жері бойынша нотариусқа жүгіну қажет.

2019 жылдан бастап нотариустар БЖЗҚ-дан мәліметтерді онлайн түрде сұратуға мүмкіндік алды – бұл мұрагерлік құқық туралы куәлікті рәсімдеуді жеделдетеді.

Куәлік алынғаннан кейін құжаттарды тапсыру тәсілдері:

  • жеке өзі БЖЗҚ-ға бару арқылы,
  • сенім білдірілген тұлға арқылы,
  • пошта арқылы.

Егер құжаттар шет мемлекетте берілсе, олар аударылып, заңдастырылуға тиіс (егер Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көрсетілмесе).

Егер мұрагер шетел азаматы болса, аударылған және қажет болған жағдайда нотариалды куәландырылған шетелдік төлқұжатты ұсынуы қажет.

Құжаттар толық тапсырылғаннан кейін, БЖЗҚ төлемді заңда белгіленген мерзімде төлейді.

Қосымша ақпарат пен құжаттар тізімі - www.enpf.kz  сайтында және БЖЗҚ-ның YouTube арнасында қолжетімді.

Серіктес жаңалықтары