Qaisar-2025: қазақстандық жастарға патриоттық тәрбие берудің жаңа деңгейі

Автор: Асыл Арман

Жоғары сынып оқушылары оқ ату сайысы, ұлттық спорт түрлері, эстафеталар мен кедергілер жолы бойынша сынға түсіп, әскери-тарихи сұрақ-жауапқа қатысты

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанның барлық өңірінен келген 100 қыз-жігіт екі күн бойы табандылығы мен батылдығы арқылы Отанға адал қызмет етудің ерекше үлгісін көрсетіп, күш-жігерін, ептілігі мен тапқырлығын сынады. Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған жыл сайынғы «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпаздары анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Екі күн бойы жоғары сынып оқушылары оқ ату сайысы, ұлттық спорт түрлері, эстафеталар мен кедергілер жолы бойынша сынға түсіп, әскери-тарихи сұрақ-жауапқа қатысты. Сонымен қатар биыл қатысушылар виртуалды шайқас жағдайында тактикалық іс-қимылды пысықтауға мүмкіндік беретін отандық «Геотактика» симуляторын сынап көрді. Қатысушылар қорғануды, шабуыл жасауды және елді мекенді жау қолынан тазартып алуды, сондай-ақ джойстик пен виртуалды көзілдірік арқылы қару-жарақ пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды үйренді.

Жеңімпаздарды марапаттай отырып, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жобаның жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі мәні мен маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол «Qaisar» ойындарының Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанының символдық мәні зор екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың баянды болашағының негізі – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет екенін әрдайым айтып келеді. «Qaisar» жобасы – дәл осы құндылықтарды ел жастарының бойына сіңіретін ерліктің, ерік-жігердің және Отанға деген адалдықтың мектебі. Жоба саналы, жауапты азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруда. Бүгінгі қатысушылар даңқты бабаларымыздың қайсар рухы қанымызда қайнап, жүрегімізде жалындап тұрғанын дәлелдеді. Өткенді ұлықтамай, жарқын болашаққа қадам басу мүмкін емес. Сондықтан жастар тарихи мұраға арқа сүйеп, терең білімімен, баянды бастамаларымен және игі істерімен Тәуелсіз еліміздің іргесін нығайтуда», – деді ол.

Осылайша, «Қайсар зияткерлері» аталымы бойынша Алматы облысының командасы үздік деп танылды. Астана қаласының командасы «Үздік стратегтер» аталымын иеленді. «Кибер қорғаушылар» аталымы бойынша Алматы қаласының командасы жеңіске жетті. Батыс Қазақстан облысынан келген Еділ Файзолла «Рухты сарбаз» аталымын қанжығалады. «Мерген ару» аталымымен Ақмола облысынан келген қатысушы Алина Бақыт марапатталды.

Шымкент қаласының командасы үшінші орын, сондай-ақ «Геотактика» симуляторын әзірлеуші «Компания «Финист» ЖШС-ның арнайы аталымын иеленді. Түркістан облысының командасы екінші орынға лайық деп танылды. Ал жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Қарағанды облысының командасы қанжығалады. Балалар шаттығы мен қуанышын жасырмай, ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.

«Бұл ойындар өз күшімізге сенуді, біртұтас команда болып жұмылуды үйретті. «Qaisar» ойындарын ұйымдастырушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл ойындар нағыз өмір мектебіне айналды. Ортақ іс төңірегінде топтасып, жауапкершілікті сезініп, сын сағатта табандылық танытқан адам ғана табысқа жетеді. Біздің команда осыны іс жүзінде көрсетті», – деді команда капитаны Шерхан Ахметқан.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында елімізде әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыда қорғау шаралары күшейтілуде. Мәселен, әскер борышын өтеген жастар мемлекет есебінен жоғары білім алуға құқылы. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының бастамасымен әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасы әзірленді. Құжат азаматтарға әскери-патриоттық тәрбие берудің тұтас жүйесін құруға және осы жұмысқа мемлекеттік барлық ұйымды осы іске барынша белсенді тартуға бағытталған.

Сондай-ақ заң жобасы бастауыш әскери дайындық пәні мұғалімдерінің мәртебесін арттыруды көздейді. Болашақта әскери-патриоттық үйірмелердің түлектері әскери жоғары оқу орындарына түсу және әскери қызметке келісімшарт бойынша орналасу кезінде жеңілдіктерді пайдалана алады. Бұған қоса, әскерге шақырылған жастарға қолдау көрсетудің қосымша шаралары қарастырылуда. Яғни, жұмыс орындарын сақтап қалудан бастап, оқу ақысын өтеу міндетінен босатуға дейін көзделуде.

Еске сала кетейік, партияның жастар қанаты «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарын өткізу туралы бастаманы «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII Съезінде көтерді.