$ 516.01  582.47  6.26
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада балалар Бауыржан Момышұлының алып портретін жасады

Бұл бірегей жоба Дүниежүзілік рекордтар кітабына тіркеуге жіберілді

Астанада балалар Бауыржан Момышұлының алып портретін жасады
Фото: Астана әкімдігі

Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ерекше патриоттық жоба жүзеге асты. Қалада балалар қолымен жасалған алып фотомозаикалық портрет таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның аясында ваучерлік жүйе арқылы жұмыс істейтін шығармашылық үйірмелерге қатысатын 600-ден астам бала өз суреттерін салып, олар мозаика ретінде біріктірілді. Мегажобаны жүзеге асыруға мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 115 ұйым атсалысты.

Портреттің жалпы аумағы — 2736 шаршы метр, өлшемі — 32 × 70 метр. Бұл мозаика жүздеген баланың еңбегімен құралған, әр сурет – батыр бейнесінің бір бөлшегі. Композиция ұрпақтар сабақтастығын, Бауыржан Момышұлының ерлігіне деген ұрпақ алғысын білдіреді.

«Бұл жай ғана сурет емес, бұл – балалардың шығармашылығы арқылы өрілген тірі тарих», — деді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, бұл бірегей жоба Дүниежүзілік рекордтар кітабына тіркеуге жіберілді. Ресми тіркеуден кейін жобаға қатысқан барлық балалар атаулы сертификаттар мен медальдарға ие болады. Олардың есімдері арнайы жетістіктер кітабына жазылады.

Аталған бастама Жеңіс рухын дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған ерекше тәрбиелік мәнге ие.

Серіктес жаңалықтары