Алматы тауларынан адасып кеткен екі турист табылды
Оқиға 2850 метр биіктікте болды

Алматы маңындағы тауда екі жас турист белгіленген бағыттан жаңылып, құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Оқиға 2850 метр биіктікте орын алып, іздестіру жұмыстары түнде күрделі жер бедерінде жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Медеу ауданындағы Құмбел шыңында туристік серуенге шыққан 2004 жылы туған екі азамат кешкісін өз бетінше төмен түсе алмайтынын түсініп, шұғыл қызметке хабарласқан. Шақырту түскен бойда ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының тобы дереу оқиға орнына аттанды.
«Іздестіру кезінде ұшқыш аппарат пен спутниктік байланыс құралыпайдаланылды. Қиын жер бедеріне және қараңғы мезгілге қарамастан, құтқарушылар Көкжайлау шатқалынан бастап жаяу көтеріліп, жігіттерге жеткен», — делінген хабарламада.
Туристер 2850 метр биіктіктен табылды. Олар медициналық көмекті қажет етпеді. Қысқаша тексеруден кейін құтқарушылар мен Алматы қаласының құтқару қызметі жігіттерді экологиялық бақылау бекетіне дейін жеткізіп, әрі қарай үйіне өз бетімен кетуге мүмкіндік берді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шықпас бұрын ауа райы мен физикалық дайындықты мұқият ескеруді және қауіпсіздік ережелерін сақтауды еске салады.