Үздік құтқарушылар ведомстволық наградалармен және алғыс хаттармен марапатталды
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Осыған орай Петропавл қаласында төтенше жағдайлар саласының құтқарушылары мен әскери қызметкерлерді салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға ҚР ТЖМ басшысы, генерал-майор Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Павлодарға көмекке келген Астана, Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарының ТЖД өкілдері, Азаматтық қорғаныс академиясы мен ТЖМ 28237 әскери бөлімінің сарбаздары енді өз тұрақты орындарына оралмақ. Министр Әрінов өз сөзінде құтқарушылардың жанқиярлық еңбегін атап өтті.
«Сіздер өз борыштарыңызды абыроймен атқардыңыздар. Қиын жағдайда ерлік, табандылық және кәсіби шеберлік көрсеттіңіздер. Түн демей, күн демей, жауын мен суыққа қарамастан жұмыс істеп, адамдардың өмірін сақтап қалдыңыздар», – деді ол.
Қазіргі таңда жағдай тұрақтанғанымен, СҚО ТЖД мен Қарағанды облысынан келген 52859 әскери бөлімшесі қызметін жалғастырып, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Министр Шыңғыс Әрінгв еріктілерге, жергілікті әкімдікке, қорғаныс және ішкі істер министрліктеріне, сондай-ақ кәсіпкерлерге күрделі кезеңде көрсеткен қолдауы мен үйлесімді жұмысы үшін алғыс айтты. Шара соңында үздік құтқарушылар ведомстволық наградалармен және алғыс хаттармен марапатталды.