2025 жылдың басында 84 мың бала кезекте тұр
Қазақстанда кейінгі алты жыл ішінде балабақша кезегінде тұрған балалар саны бес есеге жуық азайды. 2019 жылы 2-6 жас аралығындағы 446 мыңнан астам бала кезекте тұрса, 2025 жылдың басында бұл көрсеткіш шамамен 84 мың баланы құрады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кезектің қысқаруына президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мектепке дейінгі білім беру саласындағы ауқымды реформалар себеп болды. 2019 жылдан бері елімізде балабақша желісі біртіндеп кеңейіп келеді. Мысалы, балабақшалар саны 10,5 мыңнан 11,8 мыңға дейін артқан. Қазіргі таңда бір миллионнан астам бала тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Сонымен қатар шағын орталықтардан толыққанды, материалдық-техникалық базасы тұрақты балабақшаларға көшу процесі жүріп жатыр.
«Күрделі мәселенің шешіміне айналған басты жаңалықтардың бірі – цифрландыру. Бұрын ата-аналар электронды кезектің жүктемесі мен орын бөлудегі ашықтықтың жоқтығына тап болса, қазір бұл проблемалар автоматтандырылған жүйелер мен цифрлық сервистердің енгізілуі арқылы шешімін тауып келеді», — делінген хабарламада.
2024 жылдың жазында Тараз қаласында басталған ваучерлік қаржыландыру жүйесі нағыз серпіліс әкелді. Бұл жоба аясында ата-аналарға арнайы ваучер – кез келген талапқа сай балабақшаны еркін таңдауға мүмкіндік беретін сертификат беріледі. Осы жүйе арқылы ата-аналардың таңдау мүмкіндігі кеңейді, балабақшалар арасындағы бәсекелестік артты және қызмет сапасы жақсарды. Сонымен қатар, жалған тізімдер мен қайталанатын өтініштер алынып тасталып, бюджеттен 27 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделді.
«Бүгінде ваучерлік жүйе 12 қала мен 3 ауданда енгізілген. 2025 жылдың соңына дейін ол еліміздің барлық өңірінде іске қосылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2-6 жас аралығындағы балалардың 93,1%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу көзделіп отыр. Ал 2028 жылға қарай балабақшамен қамтуды 100%-ға жеткізу жоспарланған. Бұл көрсеткіш Білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген», — делінген хабарламада.
Жүйелі реформалар, цифрлық технологиялар мен қаржыландырудың жаңа тәсілдері Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру жүйесін қолжетімді, тиімді әрі отбасылардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған салаға айналдырып келеді.