«Естелікке айналған есімдер»: Астанада ақмолалық жауынгерлер жайлы кітаптың тұсауы кесілді
Ол фотожинақ ретінде басып шығарылған

Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай Екінші дүниежүізілік соғыс жылдарындағы фото құжаттар жинағынан құрастырылған кітап таныстырылып, жауынгерлер есімі енгізілген электронды қор көпшілікке ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екінші дүниежүізілік соғыс жылдарындағы фотожинақ - ел тарихында өшпес із қалдырған Ақмола облысының жауынгерлері мен тыл еңбеккерлерінің тағдырлы жылдардағы ерлік шежіресін баяндайтын еңбек. Бұл жинақ фото форматында әзірленген. Ол негізгі үш тараудан тұрады.
Жинақты құрастыруға ат салғандардың бірі Астана қаласының мемлекеттік архивінің ғылыми-әдістемелік кеңес төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тілеуғали Қышқашбаев архив жұмысын қазбалау қалай жүргізілгенін айтты.
«Бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласынан соғысқа аттанған аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігі жайлы, соғыстан оралмай қалған, келіп те елге еңбегін сіңіргендер жайлы архив құжаттамаларын іздеп дайындадық. Бұл - көп жылдық еңбек, бір күнде жазылатын жинақ емес. Архив құжаттарын Көкшетау, Ақмола, Омбы мен Орынбор қалаларынан жинастырдық. Азаматтардың үйінде сақтаған қолжазбаларын да пайдаландық. Бұл кітапта жарық көрген мәліметтердің барлығы – тың. Себебі соғысқа кеткен жауынгерлердің әскери билеттері, бұйрықтары басылды», - дейді Қышқашбаев.
Кітапты құрастырған автордың сөзінше, кітап мектептер мен кітапханаларға таратылады.
«Болашақта біздің ұрпақ осы кітаптағы деректерді зерттеп, одан әрі зерделей түседі деп ойлаймын. Ақмолалық жауынгерлердің тағдырын ауқымды етіп зерттеген осы Астана қаласы архивінің ғалымдары болып отыр. Сондай-ақ біздің сайтта 5600 адамның аты-жөні зерттеліп, тізілді. Онда жауынгерлер қай жерден майданға аттанғанын, қай жерден оралмағанын зерттеп енгіздік», - дейді ол.
Астана қаласының мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдиннің айтуынша, фотожинақтағы әрбір материал Ақмола халқының Ұлы Жеңіске қосқан үлесін айқындайтын шынайы куәлік.
«Халқымыздың жауынгерлік рухын, төзім мен ерлігін ұрпақ жадында сақтаудың ерекше белгісі – осы еңбек. «Естелікке айналған есімдер» электронды базасында баға жетпес мәліметтер шоғырланған дерекнама. Бұл қорда Ақмола өңірінен майданға аттанған 6 мыңнан астам адамның есімі мен тағдыр жолы қамтылған. Оның ішінде қалалық аудандық комиссариатқа шақырылған жауынгер жайлы жеке мәліметер бар. Электрондық қорда көрсетілген деректер Ресейдің «Память народа», жалпыға қолжетімді деректер мен «Боздақтар» кітабынан, Астана мемлекеттік архивтерінен жнақталды», - деді Бимолдин.
Оның айтуынша, электронды қорды жасақтау үшін біраз уақыт кеткен.
«Статистика мәліметтеріне сәйкес, Ақмоладан майданға аттанғандардың ішінде 1703 жауынгер қаза тапқан, 2988 адам хабарсыз кеткен. 915 адам жау қолына тұтқынға түскен», - деді ол.
Еске салсақ, Ұлы Отан соғысына аттанған 1 млн 300 мың қазақстандықтың 601 мыңнан астамы от ортасынан оралмады. Хабар-ошарсыз кеткен 271 мыңнан астам жауынгердің ұрпақтары әлі күнге дейін аталарын іздеп келеді.