Ақтөбе облысында пара алған шенеуніктер 6 жылға сотталып кетті
Оларға қатысты сот үкімі жарияланды
Шалқар аудандық соты аудан әкімінің орынбасары Б.Зайрымбет пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы А.Беркімбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкім осы жылдың 23 сәуірінде шыққан.
«Олар 2024 жылғы 27 желтоқсанда алдын ала сөз байласып, жұмысты аяқтағаны, төлемдерді жүзеге асырғаны және жалпы патронаттық актілерге кедергісіз қол қойғаны үшін коммерциялық ұйымның басшысынан 2,3 миллион теңге көлемінде пара алған», - деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Сот шенеуніктерді пара алғаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысын 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметте, судьялық және жергілікті мемлекеттік органдарда лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.