Бақшасында есірткі өсірген Петропавл тұрғыны ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның үйінен 400 түп есірткі өсімдігі тәркіленген

Суретті СҚО полициясы ұсынды

Ауласындағы бақшада қарасора өсірген Петропавл тұрғыны ұсталды. Құрамында есірткі заты бар шөпті баптау үшін күдікті жылыжай да салып қойған. Барлығы 400 түптен астам өсімдік тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Петропавл полицейлері «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында құрамында есірткі бар өсімдікті заңсыз өсіріп отырған адам табылды. Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғыны Заречный кентіндегі үйінің ауласына  400 түп қарасора егіпті. Ер адам есірткі құрамдас өсімдікті  әдейі өсіргенін оның ауласындағы жылыжай мен жылыжайдағы қыш құмыраларда өсіп тұрған бұталардан байқауға болады.

«Үйдің ауласындағы жылыжайдан гүл өсіретін қыш құмыралардағы қарасора табылды. Үй иесінің айтуынша, ол жылыжайды арнайы қарасора өсіру үшін тұрғызған. Сондай-ақ, табылған өсімдік тұқымдары да осы фактіні растайды», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Полицейлер жылыжайдан 80 түп, ауладан тағы 355 түп қауіпті өсімдік тапқан. Сонымен қатар, тінту іс-шаралары барысында күдіктінің үйінен түрлі калибрдегі жауынгерлік және травматикалық патрондар, аңшы қаруының магазині мен оптикалық көздеуіш табылған.

«Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұсталған адамның айтуынша, ол өсімдікті жеке мақсатта пайдалану үшін егіп-өсірген, ал қару-жарақты қараусыз қалған ғимараттан тауып алдым деп түсіндірді. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында барлық ақпаратты тексереді. Табылған қарасора жойылды», - дейді Назаров.

Кеппеген марихуананың жалпы салмағы 5 килограмм 90 грамды құрады, бұл аса ірі көлемге жатады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сараптамалар, оның ішінде сот-баллистикалық түрі де тағайындалды, оның нәтижелері бойынша оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактісі бойынша жауапкершілікке тарту туралы мәселе шешілмек.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Тегтер: