Украинаның экс-президенті Виктор Янукович сырттай 15 жылға сотталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Осы елдегі бас прокуратураның кеңсесі бұл ақпаратты растады

Фото: Global Look Press

Киев қаласындағы Подольск аудандық соты Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович пен мемлекеттік күзет басқармасының экс-басшысы Константин Кобзарьді сырттай соттап, тиісінше 15 және 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот Виктор Януковичті адамдарды Украина шекарасы арқылы заңсыз өткізуді ұйымдастыру және дезертирлікке итермелеу баптары бойынша, ал Константин Кобзарьді адамдарды заңсыз өткізу мен дезертирлік фактілері бойынша кінәлі деп таныды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2014 жылдың 23 ақпанында Виктор Янукович бұрынғы президент күзет қызметінің басшысы және Ресей өкілдерімен келісіп, әуе арқылы Украина шекарасын заңсыз кесіп өткен. Сонымен қатар, ол өзінің жақын айналасындағы және мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінен тұратын кемінде 20 адамды Ресейге заңсыз өткізіп жіберген. 

Олар Донецк облысының Манғыш ауданындағы Урзуф ауылы маңынан үш ресейлік әскери тікұшақпен ұшып, Ресейдегі Ейск әскери аэродромына жеткен. Біраз уақыттан соң олар Анапа қаласына, кейін Ресей қарулы күштерінің әскери-транспорт ұшағымен Қырымдағы Гвардейское әскери аэродромына аттанған.

Янукович кейін Қаратеңіз флотының Севастопольдегі әскери бөлімінде болып, оны күзеткен украин сарбаздарын дезертирлікке және Ресейге кетуге шақырған. Ақыры экс-президент және оны қорғаған бірқатар мемлекеттік күзет қызметкерлері теңіз арқылы Ресейге өтіп кеткен. Олар өз еліне оралмаған.

Оның Украина мен Ресей аумағындағы қозғалысын Ресейдің Федералдық күзет қызметі мен Оңтүстік әскери округінің әскерилері толықтай бақылап, ұйымдастырып отырған. Барлық қозғалыс Ресей президентімен келісілген деген дерек бар.

2019 жылдың қаңтарында Киев соты Виктор Януковичті мемлекеттік опасыздық пен агрессивті соғысты қолдау айыптары бойынша сырттай 13 жылға бас бостандығынан айырған еді. Бұл үкімге апелляциялық шағым берілген, сондықтан ол әлі заңды күшіне енбеген. Экс-президент Ресейден баспана алып, өз кінәсін мойындаудан бас тартқан.