Батыс Қазақстан облысында тұмаумен ауырғандар саны артып барады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Облыста бруцеллез, туберкулез көрсеткішінің төмендеуі байқалды

Фото: freepik.com

Батыс Қазақстан облысында тұмаумен ауырған тұрғындар саны артып барады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Орал апталығы» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлім еткеніндей, өңірде аса қауіпті жұқпалы аурулар – оба, сібір жарасы, туляремия және бүйрек синдромды геморрагиялық қызбаның (БСГҚ) табиғи ошағы бар.

Айтуынша профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде соңғы он жылдан астам уақытта БСГҚ-дан басқа аталған инфекциялардың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.

«Биылғы үш айда облыс бойынша БСГҚ-ның 10 дерегі тіркелді. Ауру ошақтарының барлығында эпидемиологиялық зерттеу жүргізу, қарым-қатынаста болғандарды медициналық бақылау және қорытынды залалсыздандыру жұмыстары нәтижесінде жұғу жағдайлары орын алған жоқ. Бруцеллез, туберкулез көрсеткішінің төмендеуі байқалды. Бұл – науқаспен байланыста болғандарды ерте анықтау, оқшаулау шараларын дер кезінде жүргізу ісінің жемісі, – деді Д.Жаңабергенова.

Департамент басшысының айтуынша, 120 жіті ішек инфекциясы тіркеліп, өткен жылғы осы кезеңдегіден (195) 38,7 пайызға азайды.

Жіті респираторлық вирустық инфекцияға (ЖРВИ) шалдыққандар саны 6,5 пайызға кемігенімен, есесіне тұмаумен ауырғандар 7,7 есеге (21-ден 163-ке) өсті.

Үш айда қызылша жұқтырған 2 адам анықталды.