Кендірлі әуежайының құрылыс жұмыстары екі ауысымда жүріп жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Құрылыс барысын көлік министрі Марат Қарабаев тексерді 

Фото: министрліктің баспасөз қызметі

Маңғыстау облысындағы Кендірлі курорттық аймағында салынып жатқан әуежайдың құрылыс барысын көлік министрі Марат Қарабаев тексерді. Министрдің мәліметінше, нысандағы жұмыстар екі ауысымда ұйымдастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Мердігер ұйым жер жұмыстарын және қазаншұңқырды әзірлеуді жүргізуде. Құрылыс алаңында 60 арнайы техника мен 80 жұмысшы еңбек етуде. Кендірлі өңірінің туристік әлеуеті жоғары. Біз Атырау, Ақтөбе, Орал, Алматы және Астана бағыттарына ішкі рейстер ашу мүмкіндігін, сондай-ақ көршілес елдерге халықаралық рейстер ұйымдастыру мәселесін қарастырып жатырмыз», — деді Марат Қарабаев.

Еске сала кетейік, жоба 2200 метрлік ұшу-қону жолағын салуды көздейді, әрі болашақта оны ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 150 жолаушыны құрайтын болады.

Сонымен қатар биыл Ақтау әуежайының ұшу-қону жолағының жөндеу жұмыстары да аяқталады. Бұл өз кезегінде ішкі және халықаралық рейстер санын арттыруға мүмкіндік береді.