Мамандар бұл медицинада сирек кездесетін жағдайлардың бірі дейді
Түркияның Конья қаласында инсульт алған 67 жастағы Рахми Карадемир операциядан кейін туған тілінде емес, дат тілінде сөйлей бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Anadolu басылымына сілтеме жасап.
Рахми Карадемир — жеті баланың әкесі. Ол бұрын Данияда 20 жыл өмір сүрген, кейін Түркияға оралып, соңғы 10 жыл бойы Коньяда тұрған. Жақында тізесіне жасалған отадан кейін оның оң қолы мен аяғы әлсіреп, сөйлеу қабілеті бұзылған. Жедел диагностика кезінде дәрігерлер оның миындағы сол жақтағы ірі артерияның тромбпен бітелгенін анықтады.
Дәрігерлер шұғыл ангиография жасап, тромбты алып тастаған. Операциядан кейін Карадемирдің негізгі неврологиялық белгілері біртіндеп жақсара бастағанымен, оның кенеттен дат тілінде сөйлеуі туыстары мен дәрігерлерді таңғалдырды.
Маманның айтуынша, медицинада сирек кездесетін жағдайлар бар: бірнеше тіл білетін адамдар инсульттан кейін бір тілін ұмытып, басқа тілін қайта меңгеруі мүмкін.
«Инсульттан кейін адамның ең болмаса бір тілде сөйлей алуы — оңалту процесіне үлкен көмек», — деді операция жасаған дәрігер.
Дәрігерлердің болжамынша, Рахми Карадемир арнайы терапия арқылы туған түрік тілін қайта қалпына келтіруі мүмкін.