SCAT әуе компаниясына жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін 1000 АЕК айыппұл салынды

Автор: Асыл Арман

Әуе компания жолаушыларға қонақ үйден орын бермеген

Фото: Scat компаниясының баспасөз қызметі

SCAT әуе компаниясы жолаушылардың құқығын бұзып, кешіккені үшін қонақ үй бермегені себепті 1000 АЕК айыппұл арқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас көлік прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, осы жылдың 25 ақпанында «Өскемен-Астана» рейсінің жолаушылары ұзақ кешігудің құрбаны болған. Күндізгі уақытта рейстің кешігуі сегіз сағаттан артық болғанына қарамастан, әуе компания оларды қонақ үйде уақытылы орналастырмаған.

«Тек кешкі сағат онға қарай кезекші прокурордың араласуынан кейін жолаушыларға демалуға орын берілді. Адамдар күні бойы әуежайда тиісті жағдай жасалмай, ұшу уақытын күтті.

Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы азаматтардың құқықтарының бұзылуына ден қойды. Тексеру қорытындысымен авиакомпания әкімшілік жауапкершілікке тартылды – ҚР ӘҚБтК-нің 567-бабының 2-бөлігімен 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.