Ол жеңіс мерекесін атап өту тек өткенді еске алу емес, бұл ел бірлігін нығайту дейді
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзіне пікір білдіріп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шаралар мен ұлттық жадыны жаңғырту мәселесінің маңыздылығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президентіміз айтқандай, Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз үшін отқа түсті. Бұл – тарихи ақиқат. Жеңіс жолында жанын қиған ата-бабаларымыздың ерлігін есте сақтау – біздің перзенттік парызымыз», – деді филиал төрағасы.
Ол президент айтқан үндеулерге қатысты да пікірін айтты.
«Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясаттың салдарын ұмытпау қажет». Бұл – жай ғана өткенге көз жүгірту емес, бұл – бүгінге үндеу», - дейді Мұрат Жолдыхожаев.
Төрағаның айтуынша, Ұлы Жеңіске арналған шаралар – тарихты тек еске алу үшін емес, одан сабақ алу үшін жасалып жатыр. Ардагерлерге құрмет көрсету, батырлардың есімін көшелерге беру – ұрпаққа тәлім болар қадам.
«Президенттің бастамасымен 500-ден астам көшеге жергілікті қаһармандардың атын беру – осы жолдағы нақты әрі маңызды қадам. Бұл – Жеңіс үшін күрескендердің алдындағы тағзым және бүгінгі күрделі әлемде елдігімізді дәлелдейтін маңызды үн. Сондықтан да Жеңіс мерекесін атап өту – тек өткенді еске алу емес, бұл – ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы азаматтық ұстанымды көрсету. Осындай тағылымды сәттерде тарихты жаңғырта отырып, келешекке сеніммен қарайық. «Ер есімі – ел есінде» деген қанатты сөз – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қасиетті ұстаным. Ардагер батырларымыздың жауға қарсы күрестегі жанқияр ерлігі мен қайсар рухы – бүгінгі және келер ұрпаққа өлшеусіз үлгі, рухани мұра. Олар көрсеткен батырлық пен Отанға деген шексіз сүйіспеншілік – әрбір қазақстандықтың жүрегінде мәңгі сақталуы тиіс», – деп түйіндеді ол.