Ол Берденовті халықтың қамын жеген азамат екенін айтты
Танымал Нұрлан Байжігітұлы Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке арнап, жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Елдің бірлігі мен әділетін ойлаған, арамдықпен күресіп, халқының қамын жеген азамат – Руслан бауырым, Алла шипасын берсін! Жаратқан ием қолдап, әрдайым қорғап жүрсін! Әумин!» – деп жазды Нұрлан имам Instagram парақшасында.
Еске салсақ, 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында Шымкент әкімдігі ғимаратының жанында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалған болатын. Шенеунік жамбасы мен иығынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Берденовке төрт сағат бойы ота жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, қазір оның жағдайы тұрақты.
Полицейлер күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде Берденов күдіктінің әйеліне қырындағаны туралы қауесет тараған. Алайда көп ұзамай қала билігі мұны ресми түрде жоққа шығарды.