«Дропперлерден» заңсыз иеленген қаражаттар өндірілді
Ұлытау облысында алаяқтар алып, дропперлерге аударылған миллиондаған теңге тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, қылмыскерлердің «дропперлерді» қылмыстық мақсатта пайдаланатын алаяқтық фактілері жиіледі.
Негізгі схемаларға «дропперлер» заңсыз жолмен алынған ақшаны алаяқтарға өз шоттары арқылы аударады немесе банк карталарын береді, осылайша нағыз қылмыскерлердің іздері жасырылады.
Прокуратураның үйлестіруімен полиция органдары жәбірленушілерге Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес «дропперлерден» негізсіз баюға байланысты алынған ақша қаражатын өндіріп алу механизмін түсіндіруде.
Мысалы, алаяқтар алдау арқылы жәбірленушінің 26 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иемденген. Оның 15,4 млн теңге сомасындағы бір бөлігі «дроппердің» шотына аударылғаны анықталды.
«Жәбірленуші Азаматтық кодекстің 953-бабы тәртібінде негізсіз байлықты «дропперден» өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Сот қарауының нәтижесі бойынша жәбірленушінің талап-арызы қанағаттандырылды. Өткен жылы облыста сот 69 млн теңге сомасына 42 талап-арызды қанағаттандырды.
Биыл сот 28,3 млн теңге сомасына 13 талап-арызды қанағаттандырды. «Дропперлердің» алаяқтыққа қатысы бар екені анықталса, олар сыбайлас ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылады», - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.