Ақтауда шенеуніктер сотталғандар үшін жазаланды

Автор: Асыл Арман

Пробация қызметінде есепте тұрғандар жазаларын өтемеген

Фото: istockphoto.com

Ақтау прокурорлары есепте тұрған кейбір сотталғанның тиісті жазаларын орындамағанын анықтады. Бұл ретте әкімдікте барлық белгі қағазға қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.

Ақтау қаласының прокуратурасы пробация қызметінде есепте тұрған 87 сотталғанның қоғамдық жұмыстарды орындау тәртібінің сақталуына тексеру жүргізді.

Жұмыстарды орындау қала әкімдігі белгілеген орындарда қарастырылған.

«Тексеру барысында 8 сотталғанның іс жүзінде жазаны толық орындамағаны анықталды, алайда есепке алу табелдерінде жұмысты орындау туралы белгілер қойылған.

Бұл жағдай жұмыстардың нақты орындалуын тексеруді қамтамасыз етпеген ЖАО құрылымдық бөлімшесінің сапасыз бақылауының нәтижесінде мүмкін болды.

Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша Ақтау қаласының әкімдігінің «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық» бөлімінің басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды», - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.