Орынсыз қалжыңның салдарынан рейс кешігіп, ұшуға уақытша шектеулер қойылды
Алматы әуежайында жасөспірім рейстің кешігуіне себепкер болды. Оқиғаның мән-жайын Алматы қалалық жедел штабының баспасөз қызметі баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның хабарлауынша, жуырда Алматының халықаралық әуежайында жасөспірімдердің бірі досының рюкзагында жарылғыш зат бар екенін әзілдеп айтқан.
Салдарынан әуе кемесі мен барлық жолаушыны тексеру жоспары күшіне еніп, рейс кешігіп, ұшуға уақытша шектеулер қойылды.
"Мұндай сөздер, тіпті әзіл-қалжың болса да, қауіпсіздікке қатер ретінде қабылданады және тексеріске себеп болады, ал кейбір жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауға әкеп соғады. Біз азаматтарды жауапкершілік танытуды және қауіп-қатерге, қару-жараққа, жарылғыш құрылғыларға және басқа да ықтимал қауіпті тақырыптарға қатысты сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланудан аулақ болуды сұраймыз", - делінген ведомство хабарламасында.
Штаб сондай-ақ мұндай «әзілдердің» орынсыз екенін және ауыр құқықтық зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.