Әдепсіз ұсыныс жасаған: Астанада «Яндекс Такси» жүргізушісі жолаушыға қырындады

Автор: Алмас Ерсін

Компания оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді

Фото: istockphoto.com

Астанада «Яндекс Такси» жүргізушісі сапар барысында жолаушыға тиісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана тұрғыны әлеуметтік желіде «Яндекс Такси» жүргізушісінің танысына қатысты жөнсіз әрекеті туралы жазба қалдырды.

Пост авторының айтуынша, әйел үлкен өлшемдегі спорттық оверсайз костюмі мен күрте киіп отырған, жүргізушіні арандатпаған және оған дөрекі сөз айтпаған. Соған қарамастан ер адам сапар барысында біртүрлі әрекеттер жасап, әйелге жыныстық сипатта ұсыныс жасаған.

Жазба авторы сервистің шара қолданатынына сенбейтінін, сондықтан басқа әйелдерге ескерту жасауды өзінің міндеті деп санайтынын айтты.

"Астананың қыздары мен әйелдеріне ескерту. Мен Яндекс такси жүргізушісінің суреті мен деректерін қалдырып отырмын, себебі компания оған шара қолданатынына сенімді емеспін. Сондай-ақ барлық әйел мен қыздарға ескертуді өз міндетім деп санаймын. Мұндай қызметкерлер қауіп төндіреді. Бұл жүргізуші клиенттерге әдепсіз нәрселер ұсынады. Біртүрлі қылық жасайды", - деп жазды бойжеткен.

Редакция ресми түсініктеме алу үшін «Яндекс Таксиге» хабарласты. Жаңалық жарияланған уақытта компаниядан жауап болмады.