Бір топ жігіт қызды зорлаған соң полицияға шағымдануынан қорқып, оны өлтіру керек деп шешкен
Павлодар облысында 17 жыл бұрын жасалған аса ауыр қылмыс – зорлау және кісі өлтіру ісі бойынша соңғы айыпталушыға қатысты сот үкімі шығарылды. Қылмыс 2008 жылы Ақсу қаласында бір топ азаматтың қатысуымен жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ирбис TV» арнасына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, 2008 жылдың наурыз айында бірнеше жас жігіт бір күн бойы алкоголь ішіп, кешке қарай пәтерде жиналған. Көшеде олар колледж студенті, кәмелет жасына толмаған қызды жолықтырып, өздерімен бірге үйге ертіп әкелген. Біраз уақыттан соң ер адамдардың бірі қызды бөлмеге күштеп апарып, зорлаған. Оқиға куәгерлері оны қыздан ажыратып, асүйге алып кеткен.
Судья Құдабай Сұлтановтың айтуынша, күдікті өз таныстарына қыздың полицияға шағымдануынан қорқып, оны өлтіру керек деген ұсыныс айтқан. Оның бұл сөзі басқаларға да нақты түсінікті болған.
«Ол түрмеде бұған қатысты жауап беретінін айтып, қатты қорыққан», – деді судья.
Күдікті өзгелерді қызды орманды алқапқа алып кетуге көндірген. Сол жерде жәбірленуші тұншықтырылып өлтіріліп, денесі далаға көмілген. 2009 жылы бұл іске қатысты бірқатар күдікті жауапқа тартылып, сотталған. Ал негізгі айыпталушы елден қашып кеткен.
2023 жылы ол Ресейдің Краснодар өлкесінде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Осыдан кейін іс қайта жанданып, сотқа жолданды.
Соттың шешімімен ол Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды.
– ҚР ҚК 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстар жиынтығы бойынша ішінара қосу жолымен түпкілікті жаза ретінде 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді судья Сұлтанов.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 2009 жылы сотталғандардың кейбірі мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Олар сотта куәлік беріп, 17 жыл бұрынғы оқиғаның мән-жайын қайта баяндап берді.