Жол апатынан жарақат алған футболшы бала санавиациямен Павлодарға жеткізілді
Оның жағдайы орташа ауыр

Ақмола облысында болған жол апатынан жарақат алған 13 жастағы жасөспірім санитарлық авиация көмегімен Павлодарға жеткізілді. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Баланың жағдайы туралы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Олардың айтуынша, зардап шеккен жасөспірім 19 сәуір күні сағат 18:10-да Ерейментау ауданынан Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған жабық бас-ми жарақаты, миының орташа дәрежелі шайқалуы және шүйде тұсындағы кең көлемді теріасты гематомасы диагнозын қойған», — делінген хабарламада.
Медициналық мамандар баланың жағдайын орташа ауырлық деңгейінде, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.
«Баланың жағдайы тұрақты. Ол бастапқыда реанимацияда бақылауға алынды, кейін хирургиялық бөлімге ауыстырылды. Қажетті ем-шаралар жүргізілуде», – делінген басқарма мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана – Ерейментау тас жолында Павлодардан жарысқа бара жатқан жасөспірім футболшылар отырған шағын автобус апатқа ұшыраған болатын. Апат салдарынан команданың жаттықтырушысы оқиға орнында көз жұмды. Автобуста 16 жасөспірім болған.