$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қызылордалық әйел ұнамай қалған киімі үшін 200 мың теңге өтемақы талап еткен

Ол сырт киімді 30 мың теңгеге сатып алған

Қызылордалық әйел ұнамай қалған киімі үшін 200 мың теңге өтемақы талап еткен
Фото: © freepik.com

Қызылорда қаласында тұратын әйел өзі сатып алған күртеше ұнамағандықтан, моральдық шығын ретінде 200 мың теңге өтемақы талап етіп, сотқа жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қызылорда облыстық сотының Facebook парақшасына сілтеме жасап.

«Іс қаладағы сотта тұтынушының құқықтарын қорғау бойынша қаралды. Талапкер әйел 2024 жылы 30 мың теңгеге күртеше сатып алғанын, алайда киімнің ұнамағанын айтып, екі сағаттан кейін тауарды қайтаруға келгенде, дүкен иесі киімді кері қабылдаудан бас тартып, дөрекілік танытқанын және ақшаны қайтарудан бас тартқанын айтқан. Осыған байланысты, ол тауардың құнын және моральдық зиян ретінде өтемақы өндіруді талап еткен», — делінген хабарламада.

Сотта анықталғандай, жауапкер 2020 жылдың 12 маусымынан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және базарда бөлшек саудамен айналысады.

Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қаулысымен жауапкер тұтынушыға бақылау-кассалық машина немесе тауар чегін бермегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 284-бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту түрінде жаза тағайындалған.

«Жауапкер өзінің пікірінде талаппен келіспейтінін, 2025 жылдың 10 ақпанында сатып алушының банктік шотына 30 мың теңге аударғанын айтқан. Сонымен қатар моральдық зиянның дәлелдері ұсынылмағанын алға тартып, талапты қанағаттандырмауды сұраған», — делінген материалда.

Сот отырысында талапкер мен оның өкілі талапты қолдап, моральдық зиян ретінде 200 мың теңге өндіріп беруді сұрады. Өйткені ақша тек сотқа жүгінгеннен кейін ғана қайтарылған.

Істі қарап, дәлелдерді саралаған сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талапкердің пайдасына 50 мың теңге моральдық өтемақы өндірілді.

Серіктес жаңалықтары