Қарағандыда полицейлер суицидтің алдын алды: қыз аман қалды
Куәгерлер оның аса қауіпті жағдайда тұрғанын жеткізген

Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген бойжеткенді құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 19 сәуірге қараған түні болды. Қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына жас қыздың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екені туралы хабар түскен. Куәгерлер оның аса қауіпті жағдайда тұрғанын жеткізген.
«Шұғыл түрде оқиға орнына екі патрульдік полиция тобы аттанды. Құрамында капитан Мақсат Тұрсынбек, аға лейтенант Наурызбай Кажкенов, капитан Алмас Оспанов, аға лейтенант Жоламан Жұмағұлов және полиция майоры Қанат Әбдіғаликов болды. Сонымен қатар, Орталық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобының қызметкері Дарина Тұрарова да құтқару операциясына атсалысты», — делінген хабарламада.
Полицейлердің жедел әрекеті мен кәсіби шеберлігі трагедияның алдын алуға мүмкіндік берді. Қыз аман, қазіргі таңда оның өміріне қауіп жоқ. Қазір тәртіп сақшылары бойжеткенге психологиялық көмек көрсетіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.