Бетоннан дәл осындай станцияны дәстүрлі әдіспен салу үшін 1-2 ай қажет
Жапонияның Арида қаласында әлемдегі алғашқы 3D-принтермен салынған теміржол станциясы сәтті аяқталды. Hatsushima деп аталатын жаңа станция ағаштан салынған 1948 жылғы ескі павильонның орнын басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Dezeen басылымына сілтеме жасап.
«Станция аркалы шатырмен жабдықталған. Ең қызығы – құрылыс түнгі пойыз қозғалысы тоқтағаннан кейінгі алты сағат ішінде аяқталған. Ал құрылымның өзіне қажетті төрт негізгі бөлшек зауытта бір апта ішінде 3D-принтермен басылып шыққан», — делінген мақалада.
Ені 6,3 метр, биіктігі 2,6 метр болатын Hatsushima станциясы пішінімен де ерекшеленеді. Қабырғаларында өңірдің танымал өнімдері – мандарин мен қылыш балықтың бедерлі бейнесі салынған. Жоба авторларының айтуынша, бұл 3D-принтердің бірегей мүмкіндіктерінің бірі.
«Бетоннан дәл осындай станцияны дәстүрлі әдіспен салу үшін 1-2 ай қажет. Ал 3D-принтер арқылы біз бұл жұмысты бірнеше сағатта аяқтадық. Бұл құрылыс саласындағы кадр тапшылығы мәселесін де шешуге көмектеседі», – дейді компания өкілдері.