Тау-шаңғы туризмі: Қазақстан жылына 7,5 миллион турист тартуды көздеп отыр
Жалпы Алматылық тау кластеріне ерекше назар аударылып отыр

Туризм Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналуға тиіс. Осы мақсатта үкімет әлемдік тау-шаңғы индустриясының көшбасшыларымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым құруға кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Премьер-министр Олжас Бектенов PGI Management компаниясының президенті Жоан Виладоматпен кездесіп, тау-шаңғы туризмін дамыту бойынша әріптестік мәселелерін талқылады. Кездесуде Алматы тау кластеріне ерекше назар аударылды.
PGI Management — Давос, Сент-Мориц (Швейцария), Куршевель (Франция), Вейл (АҚШ), Уистлер-Блэккомб (Канада) сынды әлемдік танымал курорттарды дамытқан жаһандық бренд. Компания 60 жылдан астам уақыт ішінде 120-дан астам жобаны іске асырған.
«Бүгінде Алматы кластеріне жыл сайын 2 млн турист келеді. 41 шақырымдық шаңғы трассасы мен 16 көтергіш күніне 6 мың адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Алайда ішкі және шетелдік туристер тарапынан сұраныс артып келеді. Сол себепті кластерді дамыту қажет», — делінген хабарламада.
Жүргізілген талдауға сәйкес трассалардың ұзындығын 227 км-ге дейін, көтергіштер санын 58 бірлікке дейін жеткізу арқылы кластердің өткізу қуатын күн сайын 34 мың адамға дейін арттыруға болады. Бұл өз кезегінде 10 мың тұрақты жұмыс орнын ашып, жылына 7,5 млн турист қабылдауға жол ашады.
«Сондай-ақ, отбасылық демалыс пен балаларға арналған қысқы спорт түрлерін оқыту бағдарламаларыкеңейтіледі. Туризмге қолжетімділікті арттыру мақсатында инклюзивті инфрақұрылым енгізіледі. Олжас Бектенов қазіргі жаһандық экономикалық жағдайға байланысты туризмді, өңдеуші өнеркәсіпті, цифрландыруды және логистиканыэкономиканың жаңа өсу нүктелері ретінде белгіледі», — делінген материалда.
Кездесу соңында тараптар инфрақұрылымды халықаралық талаптарға сай жаңарту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін мәлімдеді.