АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі азаматтарға үндеу жасады
Елшілік заңсыз жүрген азаматтарды елге өз еркімен қайтуға шақырды

Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі АҚШ-та заңсыз жүрген отандастарымызға қатысты арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан елшілігінің хабарламасында АҚШ билігінің ел аумағында депортация туралы сот шешімі шыққанына қарамастан елден шықпай жүрген шетел азаматтарын тез арада «CBP Home» мобильді қосымшасы арқылы ерікті түрде отанына оралуға шақырып жатқаны айтылған.
Ерікті түрде қосымша арқылы қайтқысы келетіндерге:
- Қауіпсіз және ерікті түрде елге оралу, өзіне ыңғайлы рейсті таңдау мүмкіндігі;
- АҚШ-та тапқан қаржысын сақтап қалу;
- Құқық қорғау органдарына ұсталмай, мәжбүрлі депортациясыз елге оралу;
- Ұшақ билетін алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға қаржылай көмек;
- Болашақта АҚШ-қа заңды жолмен қайта кіруге мүмкіндік ұсынылады.
Ал егер азаматтар бұл мүмкіндіктен бас тартса, келесідей қатаң шаралар қолданылуы мүмкін:
- Дереу депортация;
- Күніне 998 АҚШ долларына дейін айыппұл;
- «CBP Home» арқылы ескерту бермей елден шықпағандарға 1000–5000 АҚШ доллары көлемінде қосымша айыппұл;
- АҚШ-қа қайта кіруге тыйым салу, көші-қон жүйесі арқылы заңды келуге мүмкіндік берілмейді.
«Жоғарыда айтылғандарға байланысты, ҚР елшілігі АҚШ-та жүрген азаматтарды осы мүмкіндікті пайдаланып, болуы ықтимал келеңсіз салдарларды болдырмауға шақырады»,– делінген Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінің хабарламасында.