Азиядағы сұраныс 5-10 млн тоннаға дейін қысқаруы мүмкін
Қытай мен АҚШ арасындағы сауда саласындағы қайшылықтар тереңдей түсті. EurAsia Daily басылымының хабарлауынша, Бейжің тарапынан қабылданған жаңа тарифтік шектеулердің нәтижесінде Қытай АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ (СПГ) импортын толық тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басылым мәліметінше, америкалық СПГ-нің соңғы партиясы Қытайға 6 ақпанда келген. Осыдан кейін бірде-бір жеткізілім тіркелмеген.
Energy Aspects консалтингтік компаниясының сарапшысы Ричард Бронздың айтуынша, тарифтердің тым жоғарылауы фактілік эмбаргоға тең, бұл жағдай әлемдік СПГ ағындарының қайта бөлінуіне алып келіп отыр.
«Азиядағы сұраныс 5-10 млн тоннаға дейін қысқаруы мүмкін. Бұл Еуропада газ бағасының аз да болса төмендеуіне әсер етуі ықтимал», – дейді сарапшы.
Financial Times Қытай компанияларының АҚШ-пен 2049 жылға дейін жасалған 13 ұзақмерзімді келісімшарты бар екенін еске салады. Алайда сарапшылар тараптардың бұл бағыттағы болашақ ынтымақтастығына үміт аз екенін алға тартады.
Бұл оқиға Қытай мен АҚШ арасындағы экономикалық текетірестің энергетика саласына да тікелей әсер етіп отырғанын көрсетеді. Жаһандық энергия нарығы үшін мұндай шешімдер жеткізілім құрылымына елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін.